Қалампыр (Dianthus) — қалампырлықтар тұқымдастарына жататын біржылдық және көпжылдық өсімдіктерінің бір туысы. Қалампырдың Азияда, Африкада, Еуропада шөп және бұта болып есетін 300-дей түрі бар. Солардан бұрынғы КСРО жерінде өсетіндері — 80. Қалампыр топтанып өседі. Гүлінен эфир майы алынады. Қалампырдың бірнеше түрі декорация ретінде теплицаларда, құмыраларда өсіріледі. Кейде шала бұта түрінде де кездеседі. Қазақстанның далалық аймақтарында, су алабындағы шалғындарда, тасты төбе баурайында, шалғынды тау бөктерінде өсетін 29 түрі бар. Еуразия мен Африкада, негізінен, Жерорта теңізі жағалауларында кездесетін 300-ге жуық түрі белгілі. Кейде шала бұта түрінде де кездеседі. Қазақстанның далалық аймақтарында, су алабындағы шалғындарда, тасты төбе баурайында, шалғынды тау бөктерінде өсетін 29 түрі бар. Бұлардың биіктігі 15 – 50 см-дей, жапырағы таспа немесе қандауыр тәрізді болады. Қалампыр туысының өзіне тән ерекшелігі – бірігіп кеткен тостағанша жапырақшаларының түбі қабыршақтанып келіп, гүл жапыраққа жабысып тұрады. Көбінесе қызыл, қызғылт, ақ, ала түсті, хош иісті, дара гүлдері сабағы мен бұтағының басында жетіледі. Гүл жапырақшаларының шеті тілімденген не ара тісті ирек. Көбелектермен тозаңданады. Маусым – тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. Қытай, түрік, бақша, гренадин, Шабо қалампырлары Қазақстанның гүл өсіретін шаруашылықтарында әсемдік үшін өсіріледі. Ала қалампыр мен қытай қалампыры халықтық медицинада және парфюмерияда пайдаланылады. Емдік мақсатта өсімдіктің жер үстіндегі бөлігін гүлдеп тұрған кезінде жинайды.
Өсімдік туралы
Қалампырдың табиғатта 300-ден аса түрі белгілі шөптесін өсімдік. Көгалдандыруда оның 70-тей түрі қолданылады. Бұл өсімдікті жекелеп те, топтап та өсіруге болады және гүлшоғырын жасауға қолданады. Биіктігі түріне қарай 10-60 см аралығында және гүлдеу мерзімдері де әр түрлі болып келеді. Табиғатта өсетін қалампырлардан гөрі көгалдандыруда өсірілетін қалампырлар ерте және ұзақ гүлдейді. Қалампырдың біржылдық, екіжылдық және көпжылдық түрлері бар. Қазақстанның шалғындық жерлері мен ормандарында 32-ге жуық түрі болады. Қалампырдың кейбір түрлерінің гүлдері хош иісті. Осы хош иісті түрлері сабын, иіссулар жасауда қолданылады. Қалампырдың емдік қасиеті де жоғары. Сол себепті де халық медицинасында кеңінен қолданылады. Оның аласа бойлы түрлерін альпі шоқыларына ексе, биік бойлы түрлерін жаздық гүлзарларда өсіреді. Ал, біржылдық қалампырды әдемі түбектерге егіп аулаға, терезе алдына қоюға болады. Флористикада гүлшоғыр жасауға жиі пайдаланады.
Күтімі
Топырағының құнарлы болғаны дұрыс. Қышқыл топырақты ұнатпайды. Күн сәулесі мол түсетін жарық жерлерде жақсы өседі. Күнделікті молынан суғару керек.
Көбейтілуі
Біржылдық қалампырды ерте гүлдету мақсатында жылыжайларда тұқымы арқылы көбейтеді. Ал, сұрыпталған түрлерін түбін бөлу арқылы көбейткен жөн. Тұқымы арқылы көбейткенде, қалампырдың тұқымын бірден жеңіл топырақ салынған жәшікке егеді. Жас көшеттерін жиі суғарып тұру керек.
Қалампырдың кейбір түрлері
Армерия қалампыры
(Dianthus armeria) — бір немесе екіжылдық шөп өсімдігі. Биіктігі 10—45 см-дей, бірнеше тал сабақтары тік өседі. Армерия қалампыры бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігінің, Кавказдың ормандарының ашық жерлерінде, топтанып біткен ағаштардың араларында өседі. Бұл қалампырды қой да, ешкі де, сиыр да, жылқы да жей беретін бұрынғы КСРО-дағы жем-шөптік өсімдіктердің ішіндегі маңызды бір түрі болып табылады.
Арамжоңышқа, борбас қалампыр
(Dianthus Borbasii) — көпжылдық шөп өсімдігі. Сабағының ұзындығы 40 см-дей, тік өседі. Арамжоңышқа бұрынғы КСРО-ның еуропалық белігіндегі, Кавказдағы, Батыс Сібірдегі және Орта Азиядағы қарағай ормандарының, шабындық жерлердің, құмдауыт аңғарлардың өсімдіктерімен бірге өседі. Мұны мал жемейді. Тамырынын құрамында сапонин көп болады.
Сақалды қалампыр
(Dianthus barbatus) — Орта және Оңтүстік Еуропаның жерінде өсетін шөп өсімдігі. Сақалды қалампыр көбінесе кесінділеп өсіріледі.
Шоқпарбас қалампыр
(Dianthus capitalus) — көпжылдық шөп өсімдігі. Мұның сабағының ұзындығы 30—70 см. Шоқпарбас қалампыр Донның, Қырымның, Кавказдың орманды алқаптарынын тастақ беткейлері мен қырат аймақтарында өседі. Мұны мал аздап болмаса, көп жемейді. Шоқпарбас қалампырдың тамыры мен гүлінде аздаған сапонин болады. Бұл қалампырды ел арасында тіс ауруына, безгекке қарсы қолданады.
Гранаталық қалампыр
— ашық жерге еккенде ауа райының әсерлеріне тезімді, аязға шыдамды келетін қалампырдың бір сорты. Бұған гренадин және сақалды қалампыр жатады.
Өзгергіш қалампыр
(Dianthus polimorphus) — көпжылдық шөп өсімдігі. Сабағының ұзындығы 35—50 см. бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Кавказда кездеседі, сонымен қатар Ақтөбе облысының жерінде де өседі; 1934 жылы Родионованың зерттеуі бойынша мұны қой жемейтін болып шыққан. Тамырында аздаған сапонин бар.
Қытай қалампыры
(Dianthus chinensis) — Шығыс Қытайдан таралған қалампыр. Бұл жылыны онша сүймейді. Гүл шаруашылығында Қытай қалампыры біржылдық өсімдік ретінде әсемдік үшін өсіріледі.
Тарғақ қалампыр
(Dianthus squarrosus) — көпжылдық өсімдік. Мұның сабағының ұзындығы 15—25 см. Бұрынғы КСРО-ның қыратты құмдарында өседі.
Қауырсынды қалампыр
(Dianthus plumarius) — Батыс Альпіден таралған қалампырдың бір турі. Қауырсынды қалампырды кесінділеп көбейтіп, декорация үшін өсіреді.
Шұбар қалампыр
(Dianthus discolor) — сабағының ұзындығы 20— 40 см көпжылдық қалампырдың бір түрі. Кавказдың альпілік және субальпілік шабындықтарында, жайылымдарында, орманды тауларында өседі. Мұны мал жемейді. Шұбар қалампырдың дәрілік мәні бар: қуық тұтылуға қарсы, іштен құрт түсіру үшін қолданады.
Әбзел қалампыр
(Dianthus superbus) — шөп өсімдігі. Бұл гүлі мен иісі әдемі өсімдік. Әбзел қалампырдың гүлі мен тамырын кептіріп, бұрынғы кезде ел арасында иісіне және дәміне бола кейбіреулер насыбайға қосып, қалампыр жөнінде:
Қалампырлы насыбай, Насыбайды атпасам, — Ауырар менің басым-ай.
— деп өлең де шығарған.
Құм қалампыр
(Dianthus arenarius) — қалампырлардың ішіндегі көпжылдық шөп өсімдіктерінің бір түрі. Мұның негізгі белгісі: сабақтары жер бетіне шығысымен қою жапырақтары жайылып, бұтақтанып кетеді. Құм қалампыр бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігінің, Кавказдың қарағайлы ормандары мен құмайттарында кездеседі. Мұны малдың қай түрі болса да жей береді. Тамыры мен гүлінде сапонин бар.
Құлпырған қалампыр
(Dianthus supbus) — көпжылдық шөп өсімдігі. Мұның жіп тәрізденген тамырсабағы жерде төселіп жатады. Құлпырған қалампыр бұрынғы КСРО-нің Еуропалық белігінің, Сібірдің, Орта Азияның және Қиыр Шығыстың орманды аймақтарында, шабындық жерлерінде, сирек өскен қайыңның арасында, топтанып өскен ағаштардың айналасындағы ашықтарда кездеседі. Таулы жерлердің альпі аймақтарында өсе береді. Хакас автономиялы облысы мен Шығыс Сібірдің жерінде мұны қой өте сүйсініп жейді де, жылкы жөнді жемейді.
Жазық қалампыры
(Dianthus campestris) — көпжылдық өсімдік. Сабағының ұзындығы 10—40 см. Көбінесе орманды тоғайлар мен орманды далаларда өседі. Мұны мал тік тұрғанда онша сүйсініп жемейді, шабылған шөбін жақсы жейді. Жазық қалампырының тамыры мен гүлінде аздап сапонин, ал бүкіл денесінде алкалоид табылған.
Әртүсті қалампыр
(Dianthus versicolor) — сабағының ұзындығы 20—50 см, тамыры жуан көпжылдық шөп өсімдігі, Әртүстіқалампыр бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі, Сібірдегі, Қиыр Шығыстағы және Орта Азиядағы қарағайлы орманда, қырат жайылымында, тастақ беткейлерде өседі. Мұны әсіресе қой сүйсініп жейді. Бүкіл денесінде сапонин бар. Қалампырдың бұл түрінен жасалған препараттарды медицинада қолданады: олар адам денесіндегі жұмсақ ет талшықтарының қабілеттілігін арттырады.
Шөп қалампыр
(Dianthus deltoides) — сабағының ұзындығы 10—40 см. жіңішке тамыр сабағы бар көпжылдық өсімдік. Шөп қалампыр бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі, Батыс Сібірдегі ормандарда өседі. Сабағы қатайғанша шошқадан басқа малдың барлығы жей береді. Сабақ, жапырақ, гүл сияқты жер бетіндегі мүшелерінде гүлденер кезінде витамин С болады. Көбінесе гүлінің құрамында сапонин болады.
Таспа қалампыр
(Dianthus leptopetalus) сабағының үзындығы 30—50 см, көпжылдық шөп өсімдіктерінің бір түрі. Таспа қалампыр бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігінде, Батыс Сібірде, Орта Азияда өседі. Қой, сиыр, ешкі мұның шөбін де, пішенін де жақсы жейді. Мұның тамырында сапонин бар.